Желтоқсанда оянған алғашқы көктем гүлдері

Биыл желтоқсан айы келгенімен, Алматыда қыстың кешеуілдеп жатқаны елді де елеңдетіп, өсімдіктер әлемін де дел-сал күйге түсіргені рас. Дегенмен бұл құбылысқа бірқатар факторлар себеп болуы мүмкін. Баршаға мәлім, жер ғаламшары тарихтағы ең ыстық жазды биыл, яғни 2023 жылы өткерген. Әдеттегіден тыс ауа температурасының жоғарылауы қыстың келмеуіне бірден-бір себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді климаттық тенденциялар, жаһандық климаттың өзгеруі маусымдық ауа-райына, соның ішінде жауын-шашын мен температура режиміне әсер етіп, қардың түсуін кешіктіреді.

 

Алматының рельефі әртүрлі биіктікті қамтитындықтан, жоғары биікте қар әдетте төмен аудандарға қарағанда ертерек түседі. Сол себепті, қар түспеген таудың төмен белдемдерінде кейбір өсімдік түрлері, соның ішінде алғашқы көктем гүлдері де +10 градус ауа-райы жағдайында гүл ашып жатқаны таңғаларлық құбылыс. Төмендегі алғашқы суретті, яғни Алатау бәйшешегін (лат. Crocus alatavicus) фотограф Дмитрий Доценко желтоқсанның 4-күні Алматы шатқалдарының бірінде түсірген екен. Бұл құбылысқа көз жеткізу мақсатында ғылыми бөлім мамандары Алатау бәйшешегі шығатын орынға барып, тек бәйшешектің емес, өзге де гүл түрлерінің «оянып» жатқан сәтіне куә болып қайтты. Ғылыми мамандар қараша айының басында осы құбылысқа қатысты «Ағаш бұталардың күздегі қайта гүлдену құбылысы» атты мақала жариялаған болатын.

 

Желтоқсандағы сапарда тау беткейінде өсіп тұрған Айдаршөп (лат. Corуdalіs), Ботакөз (лат. Myosotis), Көкшытырша (лат. Berteroa incana) сияқты мамыр-маусым айларында шығатын гүлдердің жайқалып өскені өте сирек құбылыс екенін айтып, таңдай қағуда.

 

Мақала авторы ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Тұрсынбай К.С.