Ұлттық парк аумағында кептерлер туысының бірнеше түрі кездеседі. Соның бірі – Дыркептер (лат. Columba palumbus). Көктем туа салысымен көптеген құстар ұшып келе бастайды. Алматы қаласы аумағында 28-наурыздан бастап көзге түсе бастайды. (Т.М.Жапарқұлов).
Дыркептер – еліміздегі фаунаның кептерлер арасындағы ең үлкені. Қанаттарының ұзындығы – 77 см дейін жетеді. Денесі ұзынша, құйрығы мен мойны салыстырмалы түрде ұзын, ал басының бүйірінде жіңішке жақша тәрізді дақтар айқын көрінеді. Ұшқанда қанаттар дағы ақ дақтар анық байқалады. Олардың дауыстары үй кептеріне ұқсайды. Ұяларын ағаш бұтақтарына салады. Ұясының арасы тығыз бекітілмей, саңылауланып тұрады. Құстар екі жұмыртқа басып, екі балапан шығарады. Балапандар 20 күндей ұяда ересек құстардың қамқорлығында болады. Енесі «көгершін сүті» – деп аталатын тамағынна шығатын сұйықтықпен қосымша тамақтандырады. Ерекшелігі балапандар есейген кезде де түнде ұясына келуі жиірек болады. [Атлас ключевых видов лесных территорий Северного Тянь-Шаня и Джунгарского Алатау: высшие растения и позвоночные животные. – Астана, 2019. 128 с.] Балапандарын өрбіткеннен кейін, күз айы жақындағанда топтаса бастайды.
Ұлттық парк аумағында кезінде қолдан отырғызған емен ағаштары өскен орындарда, жапырақты орман белдемінен жоғары қылқанды орман белдеміне дейінгі жазық шалғынды аймақтан кездестіреміз. Әсіресе долана, өрік, шегіршін ағаштары өскен қалың тоғайлы алқапта күз мезгілінде топтасып отырады. Сонымен бірге, оңтүстікке қарай топ құрап қанаттарын жиі серпіп, жылдам ұшып бара жатқандарын байқаймыз. Биыл қазан айының алғашқы жартысында толықтай ұшып кетті деуге болады. Қазақстанның орнитолог И.И. Березовиков, Долгушиннің еңбектерінде еліміздің бірқатар өңірлерінде қыстап қалғаны туралы қызық деректер келтіріледі.
Дыркептерді санаққа алу, бақылау үшін Ойжайлау сайынан мониторингтік нүкте және бақылау бағыты (маршрут) белгіленді. Аталған жұмысқа инспекторлар М.Агибаев, Қ. Қанапияев қатысты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ұясы табылып, балапан басу уақытында бақылау жүргізіліп, фотоға, бейнеге түсіріліп, ғылыми материалдар жиналды. Осы құс аңшылық түр саналғанымен ұлттық паркте индикатор ретінде таңдалынып, санақ жүргізіледі. Ірі кептер түрін қорғау – міндетіміз.
ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің ғ.қ. Т.М. Жапарқұлов