Көктем айлары басталысымен қар еріп күн жылынғаннан бастап орманды, ауылдық, шабындық жерлерде өрттер басталатыны бәрімізге белгілі. «Іле-Алатау МҰТП» Республикалық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалының аумағы Алматы облысының, Талғар, Еңбекшіқазақ және Алматы қаласы Медеу аудандарының аумағында орналасқан. Талғар филиалы 3 орманшылықтан тұрады. Олар Көк-бастау, Талғар және Қотырбұлақ орманшылықтары. Талғар филиалының жалпы жер аумағы 26 652 га құрайды. Оның ішінде 13 156 га орманмен көмкерілген аумақ. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 31.01.2024 жылғы №022 бұйрығына сәйкес Талғар филиалында 2024 жылдың 05 ақпанынан 06 наурыз аралығында өрт қаупі бар маусымына дайындық айлығы басталды. Өрт маусымына дайындық айлығының мақсаты ұлттық парктің орман қорғау қызметінің инспекторларын өрт маусымына дайындау, өртті болдырмаудың алдын алу шараларын күшейту, өрт сөндіру құрал-саймандарын, өрт сөндіру техникаларын дайындыққа келтіру, жедел іс-шараларды іске асыру мақсатында жоспар жасау. Сонымен қатар аудандардың төтенше жағдайлар бөлімдерімен келісіліп жасалатын өрт сөндірудің жедел іс-шара жоспарларын, ұлттық парк аумағында және іргелес орналасқан мекемелермен өз-ара бірлескен өрт сөндіру іс-қимыл жоспарларын дайындау. Жоғарыда аталған бұйрықтағы тармақтар бойынша көрсетілген іс-шаралар толыққанды атқарылуда.
Қазақстан Республикасы ормандарындағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес Талғар филиалымен шекаралас жатқан Алатау, Белбұлақ, Бесағаш, Бесқайнар, Рахат ауылдық округтарымен Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары және Алматы қаласының Медеу ауданы төтенше жағдайлар бөлімдерімен 2024 жылғы ормандағы өрттерді сөндіру жөніндегі жедел іс-шара жоспарлары келісілді. Филиал аумағындағы ішкі және сыртқы шекаралас жер пайдаланушылармен демалыс үйлеріне ормандағы өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау жөнінде ұйғарымдар таратылды. Талғар филиалында 10 адамнан тұратын төтенше жағдай тобымен бірге ерікті өрт сөндіру командалары ұйымдастырылып, қажетті құралдармен жабдықталды.
Мемлекеттік инспекторларымен жедел топ мүшелері жергілікті тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, демалыс орындарында демалушылардың отты арнайы белгіленген жерде жағуға, жаққан оттарына су құйып өшіріп кетулерін қадағалайды. Орманды тілсіз жаудан қорғау тек қана орман қорғау мемлекеттік инспекторларының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Табиғат аясында демалушыларды отты арнайы орындардан тыс жерде жақпауға, күл – қоқыстармен ластамауға және табиғатты аялап қорғауға шақырамыз.
Табиғат байлығымызды қорғап, келер ұрпаққа сақтап, аманат ету бәріміздің борышымыз.
Табиғатты аялайық, орманымызды өрттен қорғайық!
«Іле-Алатау МҰТП» РММ-сі
Талғар филиалы