Күзде таудағы жабайы ағаштар мен бұталардың сарғайып, алуан түске боялуы – табиғаттың ерекше сұлу көріністерінің бірі. Бұл құбылысты өсімдіктердің жылдық тіршілік циклінің бір бөлігі деп қарасақ болады. Ал енді ағаштардың күзде сарғаю процесі қалай жүретінін айтып өтейік.
Күз келгенде түн ұзарып, күн қысқарып, ауа температурасы төмендей бастайтыны белгілі. Күн сәулесінің бара-бара азаюы мен суық күн әсерінен ағаштың жасыл жапырақтарында хлорофилл өндірісі баяулап, ақырында тоқтайды. Хлорофилл өндірісі деп отырғанымыз – өсімдік жасушаларында өтетін күрделі химия реакциясы, яғни күн сәулесінен энергия алу нәтижесінде жасыл түсті пигменттің шығуы. Хлорофилл синтезі бәсеңдеген кезде жапырақтағы жасыл түстің орнын басқа пигменттер алмастыра бастайды, мәселен, ксантофиллдер – жапыраққа сары рең береді; каротиноидтар – жалқын (апельсин түсті) реңді қамтамасыз етеді; антоциандар – қоңырқай қызыл, қою түстердің көзі немесе қызылша түс (свекольный) десек болады. Антоциандар пигменті көбіне қызжүзім (Parthenocíssus quinquefolia) жапырақтарына тән, сондай-ақ шегіршіннің (Ulmus) кей түрлерінің (сирек) жапырағы күзде осы түске қанығады. Ал Іле-Алатауының бөктеріне ең әр беретіні – кәдімгі өрік ағашының (Prunus armeniaca) жапырақ түсі, оған көбіне каротиноид пигменті тән. Әр ағаш жапырағы әрқилы пигментке әбден қаныққан кезде, көз тартар әсем пейзаж пайда болады. Айта кету керек, бұл пигменттер жаз мезгілінде де бар, дегенмен, хлорофиллдің (жасыл пигмент) басымдығынан байқалмайды. Хлорофиллден басқа аталған 3 пигмент жарыққа тәуелді емес.
Парк аумағында қауымдастық құрайтын қотыр қайыңдар (Betula pendula) мен көктеректер (Populus tremula) күз айында ашық сары түске әрленеді. Бұл ағаштардың жапырағы көбіне ксантофиллдерге қанығып, көзге анық түседі.
Жоңғар доланасы (Сrataegus songarica), Тянь-шань шетені (Sorbus tianschanica), емен (Quercus), үйеңкі (Acer) ағаш-бұталары – алуан түсті спектрмен танымал. Қызыл, жалқын, қызғылт-сары, тіпті күлгін түстерімен көз тартады. Үйеңкі антоциандарға бай болғандықтан, әсіресе ашық қызыл реңдерді шығарады. Ал емен жапырақтары күзде қара-қоңыр, сары немесе қою қызыл реңдерге енеді, бұл ағаштарды жылы түстермен айшықтайды. Қылқан жапырақты ағаштардың да ішінде, мысалы, сібір балқарағайы (Larix sibirica) қылқаны күз айында алтын түске сырланып, қылқанын тастайды. Іле-Алатауының орман қорын құраушы негізгі қылқанжапырақты ағаш түрі жатаған шырша (Picea schrenkiana) жасыл түсін өзгертпесе де, өз көлеңкесінде өсетін басқа ағаштар мен бұталардың түрлі-түсті жапырақтарына қосылып, сұлу контраст береді.
Іле-Алатауындағы ауа температурасының күрт төмендеуі өсімдіктердің күзге тән түске ену процесін жылдамдатады. Биік белдеуде ағаштар мен бұталар тезірек сарғаяды, өйткені тауда күндізгі температура түнде айтарлықтай төмендейді. Ондағы климат – күрт континентал, суық, тіпті жаз айларында түнде жиі аяз болады. Шілденің орташа тәуліктік температурасы +5 + 8°С, максималды тәуліктік + 18-20°С. Сонымен қатар, тау экожүйесі әртүрлі өсімдіктерді қамтитындықтан және мұнда тік белдеулі климат болғандықтан, әр аймақтың өсімдіктері тау беткейін алып түстер палитрасына айналдырып, айрықша сән береді. Сондай-ақ, күз – тек жапырақ түсі өзгеретін мезгіл емес, кей жемісті ағаштардың мәуелейтін мезгілі. Жапырақ түстерімен астасатын алма, шетен, долана, қынаағаш жиделері күздегі көріністі түрлендіріп, сұлулыққа нәр бере түседі. Биыл парк аумағындағы алма, шырша, долананың өнім беру деңгейі былтырғы өніммен салыстырғанда қанағаттанарлық. Каппер шкаласымен есептегенде, 3-4 балды қамтиды. Еске салсақ, 2023 жылғы жеміс ағаштардан Сиверс алмасы, кәдімгі өрік пен жоңғар доланасының өнімі күрт төмендеп, ағаштарды жұпсыз жібек көбелегі зақымдағаны анықталған, ал қарағай ағаштарының қылқандарын аса қауіпті зиянкестер: жұлдызшалы тоқығыш егеуіш (Acantholyda posticalis Mats) және қызылбасты жұлдызшалы тоқығыш егеуіштер (Acantholyda erythrocephala Linneus) 80-90%-ға дейін бүлдірген. Зиянкес ошақтары жойылды деуге болмайды, дегенмен ағаш-бұталардың тіршілік жағдайы биыл әлдеқайда тәуір, рекогносцировкалық бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Автор: Іле-Алатауы МҰТП, ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Тұрсынбай К.С.
Фото авторы: ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің ғылыми қызметкер Жапарқұлов Т.М.