2024 жылдың 23 қазанында «Kaz Alpine Club» қоғамдық бірлестігі экологиялық челленджге қатысып, «Clean & Green» акциясын қолдады. Іс-шара аясында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысушылар туристер мен қала тұрғындары жиі баратын Бутаковка, Кимасар, Казачка шатқалдары мен Көк Жайлау аймағын қоқыстан тазартты.
Акцияның негізгі мақсаты — қоршаған ортаның ластану мәселесіне назар аудару және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сұлулығын сақтау. Қатысушылар қолғаптар мен қоқыс жинауға арналған қаптарды пайдалана отырып, ондаған килограмм қоқыс жинады, осылайша әрбір адамның табиғаттың тазалығын сақтау мен қорғаудағы жеке үлесінің маңыздылығын көрсетті.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі барлық еріктілер мен бейжай қарамайтын азаматтарға экологиялық қозғалысқа қосылғаны үшін алғысын білдіріп, ұлттық парктердің экологиясы мен тазалығын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыруға шақырады.