Іле-Алатауы МҰТП аумағында өсетін өсімдік жамылғысы – қазақ әндерінде

1.Шырша немесе қызқарағай (лат. Picea) — қарағайлар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаштар туысы. Паркіміздің аумағында ҚР Қызыл кітабына енген эндемик түр – жатаған шырша (Picea shrenkiana) қауымдастық құрап өседі. Теңіз деңгейінен 1300 метр биіктен бастап, 2800 метр биікке дейін тау белдеуінде өседі.
2.Арша (лат. Juniperus) — сауырағаштар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл қылқан жапырақты бұта немесе ағаш. Парк аумағында үш түрі: қызыл арша (J. sabina), қар арша (J. pseudosabina), дәрі арша (J. sibirica) өседі.
3.Таңқурай (лат. Rubus) — раушангүлділер тұқымдасының бір түрі. Парк аумағының өзен аңғарларында, көлеңке, ылғал жерлерінде өседі. Өзі аттас бір түрден (R. idaeus ) бөлек, қойбүлдірген (R. saxatile), қожақат (R. caesius) түрлері кең тараған.
4.Өрік (Prunus) — раушангүлділер тұқымдасына жататын жеміс ағаштарының туысы. Парк аумағында еңіс экспозициясына қарай теңіз деңгейінен 900-1800 м биік аралығында өсетін түрі – ҚР Қызыл кітабына енген кәдімгі өрік (Armeniaca vulgaris), өріктің іріктемелерін шығаратын ең бағалы генофонды.
5.Көктерек (лат. Populus tremula) – талдар тұқымдасына жататын терек түрі. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1000-2300 м биік аралығында орманды белдеуде қауымдастық құрап өседі.
6. Бәйшешек немесе Запырангүл (лат. Crocus) – құртқашаштар тұқымдасына жататын көпжылдық тамыр түйнекті өсімдік. Парк аумағында ҚР Қызыл кітабына енген Алатау бәйшешегі (C. alatavicus) өседі.
7.Алма (лат. Malus) — раушангүл тұқымдасына жататын өсімдік. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1400 метрден бастап, 1600 метр биікке дейін ҚР Қызыл кітабына енген Сиверс алмасы (M. Sieversii) және Недзвецкий алмасы (M. niedzwetzkyana) өседі.
8.Қайың (лат. Betula) — қайыңдар тұқымдасына жататын ағаш туысы. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1700-2500 м биік аалығында екі түрі: Қотыр қайың (B. pendula) және Тянь-Шань қайыңы (Betula tianschanica) өседі.