Іле-Алатауы МҰТП аумағында өсетін бұталы ағаштардың күздегі жай-күйі

ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің ғылыми мамандары бірлесіп парк аумағында өсетін ағаш-бұталы, шөптесін өсімдіктердің жай-күйі, өнімі мен тұқым беру жағдайын бақылау мақсатында Медеу, Талғар, Түрген филиалдарына қызметтік сапарға шықты. Үлкен Алматы орманшылығында теңіз деңгейінен 1330 м биікте, жол бойында орналасқан Шырғанақ (лат. Hippophae) бұтасының мониторингтік алаңшасында шырғанақтың биылғы өнімділігі анықталды. В.Г.Каппер (1930). шкаласы бойынша биылғы өнімділік – 4 балл. Жемісі толық піскен, жемісінде болатын ащы дәм әлі кетпеген. Ал 1370 м биікте мәуелі қынаағаштың (лат. Ligustrum) жабайы күйде өскен бірнеше дарағы анықталды. Шоғырланып, тығыз орналасқан жемісінен бұтағы иіліп тұрған қынаағаштың өнімділігі 5 баллға тең. Сондай-ақ, теңіз деңгейінен биіктігі 1410 м орында өсіп тұрған бөріқарақат бұтасының өнім беру көрсеткіші 0 балл екені және жапырақ түсінің бозан тартып кеткені анықталды. Бұл өзгеріс парк аумағындағы көптеген бөріқарақаттан байқалды. Талғар филиалы, Көкбастау орманшылығында теңіз деңгейінен биіктігі 1590 м жерде қожақаттың (көкшілсұр бүлдірген) жапырағы сарғайса да, жемістерінің ішінде пісіп жетілгені де, енді пісіп жатқан жемістері де бар екені байқалды. Бұл қауымдастықта гүлдеп тұрған бірнеше көпжылдық және біржылдық шөптесін өсімдіктер кездесті. Олардан: Беде (Trifolium), Саршатыр (Hieracium echioides Lumn.) Шалғын қазтамақ (Geranium pratense), Шоғыр қоңыраугүл (Campanula glomerata) кездесті. Мамандар келесі мониторингтік бақылау орны каменный шатқалына шығып, теңіз деңгейінен биіктігі 1450 м орында жеміс мөлшері 0,5- 1 см жететін бөріқарақат өнімділігін анықтады. Биылғы өнімділік – 2 балл.

 

Кузнецов сайынан түсіп келе жатқан тас жолдың бойында Шыбықтұс түйесіңір (Atraphaxis virgata) бұтасының төменгі беткейде, теңіз деңгейінен 1040 м орында жаппай гүлдену көрінісі байқалды, ол көрініс таудың баурайын түгел жауып, сұлу көрініске бөлеп тұр. Сондай-ақ, мамандар төменгі баурайда гүлдеу кезеңі ерте көктемде аяқталатын Кеңжапырақты итмұрынның (Rosa platyacantha) қайта гүлдеу сәтіне куә болды.
 

29.09.2023