Островский қызғалдағы (Tulipa ostrowskiana) – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық, жуашықты өсімдік. Отаны – Қазақстан, негізінен Іле Алатауы маңында, Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан және Шу алқабын қамтитын Қырғыз тауларына дейін созылып жатыр. Гүлдері – көрнекі, тостаған тәрізді, сүйір жапырақшалары бар, әдетте алқызыл түсті 1 ғана гүлі болады, кейде бір сабағында екі гүлденетін дарақтары да кездеседі. Cәyip-мамырда гүлдеп, мамыр-маусымда жемістенеді. Жемісі – қауашақ. Сәндік үшін өсіріледі. Сирек кездесетін эндемик түр. Қазақстанның Кызыл кітабына енген. Жаздың аптап ыстығы алдындағы ылғалдың және салқын температураның қысқа кезеңін пайдаланып, ерте көктемде гүлдейді. Жапырақтары көк-жасыл түсті және жиегі толқынды болып келеді, жапырақтары гүлінің тартымдылығын арттыра түседі. Биіктігі: салыстырмалы түрде қысқа, шамамен 10-20 см-ге жетеді. Тіршілік ортасы: таулардың төменгі, ортаңғы белдеулерінде, қоректік қоры мол топырақты беткейлерде өседі. Мекендеу ортасының тарылуы, мал жаю және заңсыз жұлу себебінен Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) қызыл тізімінде «осал» санатқа енгізілген. Сондықтан бұл түр айрықша қорғау мен сақтау шараларын қажет етеді. Островский қызғалдағы – таңғажайып жабайы гүл ғана емес, сонымен қатар далалық экожүйелерді байытатын бірегей қызғалдақ түрі. Түр қорғауды қажет етеді. Басқа қызғалдақтардай ерте көктемде аралар үшін бағалы азық болып есептеледі.
Биыл Іле-Алатау МҰТП, Ақсай филиалы, Долан сайының солтүстік беткейге қараған тау бөктерінде, теңіз деңгейінен 1080 м биікте Островский қызғалдағының популяциясына мониторингтік бақылау жүргізілді.
Популяцияның атыз бойында топтасып өскен шоғыры 2024 жылдың 25 сәуірінде фотоқұрылғыға таспаланды. Биылғы гүлдеу кезеңі 18-сәуірден басталғаны анықталды. Қауымдастықта бұталардан түкжеміс тобылғы (гүлд.), итмұрынның жас өскіндері және әсем қараған (гүлд.) кездесті. Шөптесін өсімдіктерден Регель сарғалдағы, Чимған ұлықбегі секілді бірнеше көпжылдық өсімдік түрлері кездесті.