Ақсай филиалы аумағының шатқалдарында мекендейтін – Ілбістер, Зоология ғылыми-зерттеу институты мен Іле-Алатау МҰТП мамандарының ұдайы бақылауында. Жыл сайын мамандар күз айлары мен көктем мезгілінің аяғына дейін ілбіс жүретін соқпақтар мен жартастарға фотоқақпандар орнату арқылы мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Ал, жаз мезгілінде аталған жыртқыштар, таудың жоғарғы белдемдеріне тауешкілермен бірге қоныс аударатындықтан арнайы белгіленген бақылау нүктелері мен алаңшаларда болмайды да, араға 4-5 ай салып, яғни қыстау үшін шатқалдың орта белдеміне қайта келіп тұрақтайды. Бұл жердің өзі т.д 2000 м биіктік шамасында. Сала мамандары, табиғат жанашырлары, мемлекеттік инспекторлар әр жылы сирек кездесетін орасан күш иесі, ерекше сымбатымен көзге шалынса адамды таңырқатпай қоймайтын, дүниежүзі мен елімізде сирек кездесетін түр ретінде қатаң қорғалатын осы жыртқышты қысқы мекеніне келуін асыға күтеді. Шатқалға филиал аңтанушысы Жазылбек Кенже, айналым мемлекеттік инспекторы Сергей Стребков және ғылыми қызметкер Тұңғыш Мойынбайұлының қатысуымен, желтоқсан айының 26-күні далалық жұмыс жүргізіліп жыл сайын бақыланатын арнайы нүктеге фотоқақпандар орнатты. Сондай-ақ күзде орнатылғаны шешіліп, мәліметтер алынған. Ұлу жылының алғашқы айы да жемісті басталуда. Әдеттегідей ілбістер сол аймақты тұрақты мекендейтінін көрсетіп фотоқақпанға ілікті. Әр фото мен бейнежазба сараланып, Зоология институты ғалымдарымен бірлесе ілбістің әрқайсына жеке ID-код (сырттай паспорт) қойылады. Көпшілікке ұсынып, жанама есім беріледі. Аталған мәліметтерді бөлісеміз.