Альпі зонасында өсетін жастық тәріздес өсімдіктер.

Іле-Алатау МҰТП флорасының түр құрамы алуан әрі өте бай. Парк аумағында 2000-ға жуық өсімдік түрі өседі десек, оның ішінде паркіміздің ең биік нүктелерінде, климаты қатал аймақта өсетін түрлер де бар. Суық жағдайға бейімделген ерекше формалардың бірі — жастық тәріздес өсімдіктер. Жастық тәріздес өсімдіктер — көпжылдық шөптесін, кейде жартылай сүректенген өсімдіктер. Олардың анық көрінетін діңі жоқ, арасы жиі бұтақтанған өркендері ғана бар. Ашық, тақыр жерлерде, биік тауларда, құрғақ, желі күшті шөлдерде, мұхит жағаларында өседі. Олардың ені едәуір метрге созылса, бойы бірнеше сантиметрден бастап, әрі кетсе 1 метрге дейін ғана өседі. Жастық тәрізді пішіні оларға қатал климаты бар аймақта тіршілік етуге сеп болады, себебі «жастық» ішіндегі температура сыртқы ортамен салыстырғанда жылырақ болады. Яғни суық желдің күшіне төтеп беруге және жылуды сақтауға бейімделген. Оларға ортақ қасиет — бой қысқалығы, яғни жерге төселіп өседі. Өсетін аймақтары — теңіз деңгейінен кемі 3500 метр биіктегі таулар (Гималай, Альпі, Анд). Жастық тәріздес өсімдіктердің Azorella compacta, Silene acaulis, Leucobryum glaucum т.б. өкілдері кең тараған. Паркіміздің аумағында бір өкілі – қыртысты түбіртек (Thylacospermum caespitosum) өседі. Ол қалампырлар (Caryophyllaceae) тұқымдасына жататын тамырсабақты сирек кездесетін өсімдік. Ұзындығы 10-20 см, сабақтары 1-3 см ғана болады. Түрдің ареалы – Орталық Азиядан Гималайға дейін жетеді. Бұл негізінен альпі немесе субарктика биомдарында өсетін (3600-6000 м) шала бұта. Сырт көрінісі жұмыр, қатты, жастыққа ұқсайды, бір қарағанда, мүк шымына балауыңыз мүмкін. Еліміздің Іле Алатауы, Жоңғар Алатауында және Тянь-Шань тау жүйелерінде сирек кездесетін жалғыз эндем түр. Құз жарықтарында, тасты үйінділерде шағын топ түзіп өседі. T.caespitosum өсімдігінің ең ерекше қасиеті – тығыз орналасқан жапырақтары микроклимат жасайды, яғни басқа ұсақ өсімдіктер мен жәндіктер үшін «шағын баспана» ретінде қызмет етеді. Суретке мұқият зер салсаңыз, өсімдіктің жастық тәрізді құрылымдарында шошайып өскен астық тұқымдастардың (Poaceae) өкілін байқайсыз.
Жастық тәріздес T.caespitosum өсімдігіне салқын, тұрақты жағдай қажет, сондықтан жоғары температура оның фотосинтез қызметіне, өсуіне, жалпы тіршілігіне кері әсерін тигізеді. Халықаралық табиғат қорғау одағында (ХТҚО) T.caespitosum түрінің қорғалу дәрежесі туралы ақпарат жоқ. Десе де T.caespitosum секілді ең биік және суық жерлерде өсетін жастық тәрізді өсімдіктерге төнетін қатер жылдан-жылға артып келеді. Себебі ғаламның жылыну әсерінен төменгі зоналарда өсетін бәсекеге қабілетті өсімдіктер T.caespitosum сияқты биікте ғана өсетін, жергілікті эндемдерді ығыстырып жатыр, оның арты альпідегі флора өкілдерінің жоғалуына әкелуі мүмкін.

Мақала авторы: Іле-Алатау МҰТП-ның кіші ғылыми қызметкері Тұрсымбай К.С.
Фото авторы: Іле-Алатау МҰТП-ның ғылыми қызметкері Жапарқұлов Т.М.