Батырлық та, адамгершілік те, табиғатты сүю де жанашырлықтан әрі тәрбиеліктен туған . Қазақтың қас батыры, Ұлы
отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы, жазушы, ұлттың дара перзенттерінің бірі Қасым Қайсенов тіршілік иелерін қорғауда үлкен үлгі көрсеткен, оны өз естелігінен оқып, ерекше тебірендім. Қасым Қайсеновтың айтуынша, сол қым-қиғаш соғыстың өршіп тұрған шағында Украинаның қалың ормандарында аңдар оқ даусынан безіп ауып кеткен екен. Ол өзінің партизандық жорығында жалғыз болған сәтін еске алады. Ағаш түбінде саялап отырып, асқазаны шұрылдап, қарны ашып, мазасыз күй кешіп отырғанда, қайдан шыққаны белгісіз, теңбіл тартқан еліктің лағы пайда болады. Қу тамақтың қамымен қында тұрған пышаққа қол соза береді де, лезде райынан қайтады. Кішкене лақты аяп, мейірімі түсіп, “мені қара тартып келгенің-ай”, – деп таңырқап тұрып шаршаңқы жүйкесі босап, көзі ілініп кетеді. Бірер уақыттан соң оянса, теңбіл дақты лақ кетіп
қалыпты. Батыр қанша жауды қырғанымен, зияны жоқ аңға тиіспегеніне іштей шаттанады. Міне, осындай батырдың өзі табиғатты сүюге үн қосып тұрса, бейбіт заманда, тоқшылық кезеңде қоңыр аңды қынадай қыратындарға не жорық?! Соның айғағы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі фотоқақпандарға түскен елік пен елік лақтарының ғылыми қордағы видео материалдарын бөлісеміз.
Жалпы елік ұрғашысы минерал тұз тасталатын сортаңдарға төлін көп ертіп әкелмейді. Десе де, былтыр жаз айында әдемі лақтарды Талғар филиалында түсірудің сәті түсті. 2024 жылы жаз айында күн райы ашық, шөп қалың болғандықтан, еліктің күйі жақсы болды, тіпті үштен лақтаған жайы бар.
Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері Тұңғыш Мойынбайұлы
Жапарқұлов