Таңқурай (Rubus idaeus) – раушангүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық шала бұта. Таңқураймен туыстас қожақат, қойбүлдірген секілді түрлер де парк аумағында өседі. Таңқурайдың биіктігі 1-3 м, сабағы тікен, жапырағы қалың, атпа тамырлы, жемісі сүйекті, түсі қызыл, сары. Жемісі қантқа, пентон мен органикалық қышқылдарға, сондай-ақ А, В, С дәрумендеріне бай. Жемісін тосап, шырын, шарап, т.б. өнімдерді дайындауға пайдаланады.
Тіршілігінің бірінші жылында сабақтары шөптесін болса, қыста ағаштанады; екінші жылы өскіндер гүл шоғырын құрайды, жеміс береді, содан кейін тіршілігін тоқтатады. Жапырақтары кезектесіп орналасқан, күрделі пішінді, 3-9 жұмыртқа тәрізді жапырақшаларының жиегі ара тісті, үстіңгі беті қою жасыл, астыңғы жағы ақ. Гүлдері ақ немесе ашық қызғылт болады. Гүлі 5 күлтелі, аздаған гүлшоқтары жеке-жеке өседі, гүлшоғырының қолтық астында орналасады. Жемістері иіліңкі орналасқан, маусым-шілде айларында гүлдеп, шілде-тамыз айларында піседі. Таңқурай орман жиектерінде, ашық жерлерде, тау беткейлері мен өзен жағаларында таралған. Тобыл-Есіл, Көкшетау өңірінде, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Іле, Күнгей Алатауында кездеседі. Таңқурай құрамында адам ағзасы үшін пайдалы заттар өте көп, атап айтқанда, жемістерінде органикалық қышқылдар (глюкоза – 4,3% дейін, фруктоза 8%, сахароза 6,5% дейін), таниндер 0,3% дейін, пектин, азот және бояғыш заттар, калий және мыс тұздары, цианин хлориді, ацетоин, бензальдегид, С витамині (45 мг% дейін), каротин (0,3% дейін), В тобындағы витаминдер, тұқымның құрамында эфир майы (14,6% дейін) және фитостерол (шамамен 0,4%) бар.
Таңқурайдан жасалған қайнатпаны дене қызуын түсіруге, несеп жүргізуге, бүйрек тасын түсіруге, іш ауруына, қант диабетіне және өт айдауға пайдаланады. Сонымен қатар, гемоглобин мөлшерін арттыруға, қан тоқтатуға, суық тигенде дене қызуын басуға, іш тоқтатуға, қан аздыққа, жүйке ауруларына, бронхитке, жөтелге қарсы қолданады. Таңқурайдың табиғи, кептірілген жемісі сусын жасап, қыста тұмау кезінде пайдалануға таптырмас дәрі. Әсіресе тибет медицинасында таңқурайдың жапырағы, жемісі және сабағы қолданылады. Жапырақтарын бұқтырып шайдың орнына ішеді, кондитерлік тағамдарға қосады. Медицина тәжірибесінде жемістерін құрғақ ауа райында жинап, күнге жұқа қабатта кептіріп, содан кейін 60-80 градус температурада пеште ұстап, дәрілік мақсатта пайдаланады.