Тянь-Шань шетені – раушангүлділер (Rosaceae) тұқымдасына жататын Қазақстанда кездесетін үш түрдің ішіндегі ең кең тараған тауға тән түр. Іле-Алатауының шыршалы, аршалы ормандарының арасында кездеседі. Биіктігі 5 м-ге жететін әдемі ағаш, жылтыр, қызыл қоңыр қабықты және ірі қауырсын жапырақты болады. Гүлдерінің саны көп, кең қалқан тәрізді гүлшоғырына жиналған. Желектері ақ, күлтесі ірі (диаметрі 2 см), аталықтары желектерінен едәуір қысқа. Маусымда гүлдейді, жемістері (күңгірт қызыл жидек), тамыз-қыркүйекте піседі. Құстар арқылы тасымалданады, тұқымынан жақсы көбейеді. Саяжай төңірегін безендіруге келетін өте әсем сәндік өсімдік, жемістерін жеуге болады. Әртүрлі сусындарды даярлауда колданылады. Жемістері мен тұқымында бактерияларды өлтіретін қасиет бар. Жемістерінің тұнбасы мен тұқымынан алынатын қою май кейбір жұқпалы ауруларды емдеуге ұсынылған.
Тянь-Шань шетенінің шаруашылық маңызына тоқталар болсақ, тамақ, кондитерлік өнеркәсіпте және медицинада мультивитамин ретінде кең танылған. Жидектері атеросклероздың және гипертонияның алдын алу және емдеу үшін, анемия кезінде қолданылады. Жемістері мен гүлдері халық медицинасында іш жүргізетін, гемостатикалық және диафоретикалық, сондай-ақ өкпе аурулары мен ревматизм үшін қолданылады. Жаңа піскен жидектерден алынған шырын дизентерия, асқазан сөлінің қышқылдығы төмендеген кезде қолданылады. Сондай-ақ онда кездесетін парасорбин және сорбин қышқылдары бауырдағы май мен қандағы холестеринді төмендетеді. Тянь-Шань шетені қант алмастырғыш ретінде қолданылады. Созылмалы іш қату кезінде де тиімді өсімдік түрі.
ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімі