Жаз айларында орманда өрт шығу қаупі артатыны белгілі. Соңғы 2 ай көлемінде Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ауа райының тұрақты ыстық болуы себепті өрт қауіптіліктің 4, 5 сыныбы сақталуда.
Осыған байланысты, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мемлекеттік орман қорын күзету және қорғау жұмыстары күшейтілуде. Бүгінгі күнге табиғат қорғау инспекторлары, жедел топ инспекторлары тарапынан 444 рейд жүргізіліп, 13 заң бұзушылық – ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамау анықталды.
Ұлттық парк аумағына арнайы от жағатын орындар белгіленген, нұсқамасы мен ақпараттық қалқаншалар да орнатылған. Алайда, арнайы белгіленген жерден тыс жерлерге от жағып өрт шығу қаупін туындататындар да кездеседі. Осындай 13 заң бұзушыға 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілді.
Өрттің алдын алу шаралары ерте көктемде басталып, жаз айында жалғасады: жергілікті тұрғындар мен демалушыларға 3650 әңгімелер мен семинарлар өткізілді, 13000 дана өрт парақшалары таратылды, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде теледидар арқылы орман өрті туралы хабар таратылып, газет беттерінде 9 мақала жарияланды.
Қала тұрғындары мен демалушылардан орман қорына келіп демалған кезде орманда өрт қауіпсіздік шараларын сақтауларыңызды сұраймыз.
Орманды қорғау, молықтыру және қалпына келтіру бөлімі