Испан жалаңаш шырышты ұлуы – сабақша көзді ұлулар отрядының (Stylommatophora) Арионид (Arionidae) тұқымдасына жататын инвазив жануар түрі. Бұл зиянкес түр өткен ғасырдың ортасында Англия жеріне кіріп, басқа Еуропа елдеріне 50 жыл ішінде түгел жайылып үлгерген. Бірақ генетикалық зерттеулер нәтижесі әуелгі пайда болған аймағын Франция немесе Батыс Германия деп көрсеткен. Оның ең қауіпті тұсы – шөпқоректігінде. Одан бөлек, орман ағаштары жапырағын кеміріп, қоректене отырып, жергілікті өсімдіктер популяциясына елеулі нұқсан келтіреді. Сол себепті Еуропада ең қауіпті инвазив түрлер тізіміне енген. Ал Қазақстан топырағында алғаш рет 2020 жылы кездескен.
Морфологиялық сипаттамасы: Денесі білек тәрізді жұмыр, денесін созған кезде ұзындығы 20-70 мм-ге дейін жетеді. Аяқтарының дәл үстінде құйрық шұңқыры болады. Тыныс тесігі мантияның оң жақ жиегінің алдыңғы бөлімінде орналасқан, рудиментті қауашақ болмайды. Жақтары қырсыз болады.
Бұл түрлер табиғи жағдайда жергілікті ұлуларға залалын тигізеді. Себебі жергілікті жануарларды ығыстырып, солардың орнын жайлайды.
Іле-Алатау МҰТП аумағында 2020 жылдың жаз айында испан шырышының пайда болғаны жайлы туралы дабыл түсе бастаған. Алғашында тек «Медеу» өңірлік табиғи паркі аумағында кездескен бұл зиянкес, Іле-Алатау паркінің Кеңсай, Көкжайлау сайларында жол бойында көптеп кездескен. Біздің таудың ылғал климаты да испан шырышына қолайлы орта жасауда. Биыл да тау беткейлеріндегі өсімдік жамылғысы испан шырышының шабуылына ұшырап жатыр. Әсіресе көктемнің жаңбырлы айларында саны ерекше көбейіп, үрей туғызуда. Теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биікте көп кездессе, одан биіктеген сайын саны азая түседі.
Испан шырышы әкелетін қатерлерге тоқталар болсақ, бұл түр ең алдымен зардап шеккен экожүйелердегі биоәртүрліліктің төмендеуіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, кейбір өсімдік түрлерін ығыстырып, орман қауымдары құрамының өзгеруіне әкеледі. Сондай-ақ, саңырауқұлақтарды да қорек етіп, ағаш денсаулығы үшін маңызды микоризалық қарым-қатынастарға кері әсер етуі мүмкін. Ал енді бұл инвазив түрдің көз ілестірмес жылдамдықпен әлем елдеріне жайылып бара жатқанына не себеп деген заңды сұрақ туындайды. Көп себептерінің бірі испан шырышының табиғи жауларының азаюы немесе жетіспеуі. Табиғи жауларына испан шырышын қорек ететін қосмекенділер мен кесіртке, жылан сияқты бауырымен жорғалаушылар жатады. Сондай-ақ, кірпі мен қара сайрақ деп аталатын құс түрі де шырышты ұлуды қорек ететіні жазылған. Бұлар азайса, демек шырышты ұлудың бақылаусыз өркендеуіне жағдай туады. Оны жоюға биологиялық тәсілді қолдану керек. Табиғи түрде жою мүмкін емес.
Қорыта айтсақ, испан шырышты ұлуы өсімдіктер мен орман экожүйелеріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Оның ашкөз тәбеті, тез таралуы және табиғи жауларының жетіспеуі оның таралуын қиындатады. Алдағы уақытта оның популяциясын бақылаудың, үнемі мониторинг жүргізудің испан шырышты ұлуының теріс әсерін азайту үшін, биологиялық әртүрлілікті сақтау үшін маңызы зор.
Мақала авторы: Іле-Алатау МҰТП-ның, ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Тұрсынбай К.С.