Ағымдағы жылдың 26-28 наурыз күндері аралығында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, БҰҰДБ орман экожүйелерін сақтау жобасы, БИОФИН жобасы аясында Алматы қаласы Іле-Алатау МҰТП «Аюсай» визит-орталығында және Шарын МҰТП-де «Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде экологиялық туризмді дамыту» семинар-тренингі ұйымдастырылды. Семинар-тренингіне мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің бас директорларының орынбасарлары, туризм бөлімдерінің бастықтары және туризм жөніндегі мамандары қатысты.
Семинар-тренинг ұлттық табиғи парктер аумағында экотуристік қызметті жоспарлау, жүргізу саласындағы білім әлеуеті мен деңгейін арттыру, экотуризмді дамытудағы қолданыстағы халықаралық және ұлттық тәсілдер мен тәжірибелерді түсіндіру, МҰТП-да туристік және рекреациялық қызметті ұйымдастыру, басқару және жүргізудегі ағымдағы жағдайы мен негізгі проблемалық мәселелермен танысу, сындарлы пікірмен алмасу, экотуризмді дамытуда жалпы тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ «Іле-Алатау» және «Шарын» МҰТП заманауи туристік инфрақұрылымымен танысу мақсатында ұйымдастырылды.