Ағаштардың қайта (екінші) гүлденуі деп негізгі гүлдену кезеңінен кейін пайда болатын қосымша гүлдену құбылысын айтамыз. Табиғи жағдайда қайта гүлденуді күз ортасында, күн-райы әдеттен тыс жылы болған кезде байқауға болады. Бұл құбылыс температура әсерінен ғана емес, сондай-ақ өсімдіктердегі қоректік заттардың қолжетімділігі, гормоналды теңгерімсіздік немесе белгілі бір ағаш түрлерінің генетикалық ерекшеліктері сияқты әртүрлі факторларға байланысты болуы мүмкін. Өсімдіктер әлеміндегі мұндай тосыннан құлпыру сәті күзге әсем көрініс сыйлайтыны белгілі.
Айта кету керек, қайта гүлдену барлық ағаш түрлеріне тән емес. Әрі бұл белгілі бір ағаш түрлерінде жиі кездесуі де мүмкін. Сонымен қатар, қайта гүлдену міндетті түрде ағаштың денсаулық жағдайын көрсетпейді немесе оның жалпы өсуі мен дамуына әсер етпейді.
Биыл ұлттық парктің ғылыми бөлім мамандары күздегі ағаш-бұталардың жай-күйіне мониторингтік бақылау жүргізу барысында ағаш жапырақтарының қызыл-сары түске еніп, түсіп жатқанынан тыс, бірқатар өсімдік түрлерінің тіршілік белгісі қайта оянып жатқанына куә болды. Оның алғашқысы – кеңжапырақты итмұрын (Rosa platyacantha). Раушангүлділер тұқымдасына жататын бұл түр табиғи жағдайда мамыр-маусым айларында гүлденуін бастайды. Алайда қыркүйек айының соңында гүлдеп тұрған итмұрынды көрген мамандар оның қайта гүлдену сәтіне таң-тамаша болып, фотоқұрылғыға түсіріп алды. Одан тыс, биыл күзде Құбашіліктің (Salix cinerea L) сабақтарының ұшынан өркен жаяр бүршіктердің жаппай пайда болғанын байқауға болады. Бұл да әдетте көктемде болатын құбылыс. Ұлттық парк басқармасының ауласында да бұл көрініс байқалды, ондағы сәндік мақсатта отырғызылған Шәңкіш (лат. Viburnum) бұтасының өркен алар тұсында ішінара гүлденуі назарды өзіне аудартты. Табиғи жағдайда бұл өсімдіктің гүлдеу кезеңі мамыр айынан басталып, маусымның ортасына дейін жалғасады.
Автор: Кіші ғылыми қызметкер Турсымбай К.С.